Балаларды қорғау күніне орай елордалық «Dojo Judo Club» балалар спорт клубына Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігінің миссия басшысының орынбасары, кеңесшісі Томохиро Каната мырза келді. «Dojo Judo Club» негізін қалаушы – педагогика ғылымдарының кандидаты, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының доценті Нұртазина Жанат Қапезқызы.
«Dojo Judo Club» 2021 жылы барлық жастағы балаларға есігін ашты. Дзюдо – Жапонияның ұлттық спорт түрі және Қазақстан Республикасындағы басым спорт түрлерінің бірі. Бүгінгі күні үйірмеге 250-ден астам бала тартылған.
«Dojo Judo Club» клубындағы оқу-жаттығу процесі жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы қызметінен ұлттық әйелдер спортының бас жаттықтырушысына дейін жеткен Нұртазина Жанат Қапезқызының көп жылдық тәжірибесі негізінде жасалған бірегей бағдарламалар мен заманауи әдістемелер арқылы жүргізіледі.
Сапар барысында Томохиро Каната мырза жаттықтырушылар құрамының, клуб әкімшілігінің жұмысымен танысып, тәрбиеленушілердің шеберлігіне тәнті болды. Жас спортшылар дзюдо техникасын, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін көрсетті – олар Абайдың өлеңдерін оқыды, Құрманғазының күйін домбырамен орындады.
Кездесу барысында APEMS Ғылым және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тен Алина Томохиро Каната мырзамен спорт саласында кадрлар даярлау, академиялық алмасу бойынша тәжірибе алмасу мақсатында жапон университеттері мен APEMS арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Томохиро Каната мырза өзінің сөзінде «Dojo Judo Club» Жапония мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтіп, клуб тәрбиеленушілерін Балаларды қорғау күнімен құттықтап, тілегін білдірді.
«Dojo Judo Club» спорт клубы APEMS студенттері үшін үлкен маңызға ие, өйткені ол педагогикалық практиканы өткізу базаларының бірі болып табылады, соның арқасында студенттер жаттықтырушылық және педагогикалық шеберліктерін арттырады.