8 ақпанда APEMS-те суицидтің алдын алу бағдарламаларын насихаттау аясында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша семинар өтті.
Астана қаласы ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел іздестірушісі, полиция майоры Әлия Қибатқызы дәріс оқып, студенттерге есірткіні қолданудың жан түршігерлік салдары мен қауіптілігі, оны таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ақпарат берді. Дәрістің негізгі мақсаты студенттерді есірткіні қолданып көру немесе таратудан сақтандыру болды.
Іс-шара барысында студенттер алдын-ала дайындаған презентацияларын ұсынып, есірткіні қолданудың зияны тақырыбын одан әрі дамытты. Студенттер дене шынықтырумен айналысу, рухани даму, психологиялық тұрақты болу, жалпы, толыққанды салауатты өмір сүру керектігі туралы айтты.
APEMS ғылыми кітапханасының директоры Бибігүл Қажекқызы Балтабекова кітап көрмесін ұйымдастырып, онда нашақорлық тақырыбына арналған түрлі әдебиеттер: кітаптар, журналдар мен газеттердегі мақалалар, нашақорлық және олардың адам ағзасына зиянды әсері туралы иллюстрациялық материалдар ұсынды. Көрменің мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде декан м.а. Кенжин Жаксат Болатұлы нашақорлықтың зияны туралы иллюстрациялық плакаттар дайындаған студенттерді грамоталармен марапаттады.