«Шоқан Уәлиханов еңбектеріндегі қазақ халқының мәдени және рухани мұрасы» атты I Халықаралық ғылыми-практикалық конференция

2025 жылдың 18 сәуірінде Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер департаментінің ұйымдастыруымен «Шоқан Уәлиханов еңбектеріндегі қазақ халқының мәдени және рухани мұрасы» атты I Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның негізгі мақсаты – ғалым, этнограф және ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ғылыми мұрасын ғылыми тұрғыдан қайта зерделеп, оны білім беру және гуманитарлық ғылымдар саласында кеңінен қолдану.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен танымал ғалымдар, зерттеушілер, докторанттар мен мектеп мұғалімдері қатысты. Конференция жұмысы пленарлық отырыс және тақырыптық секциялар форматында өтті.

Конференция жұмысында Ш. Уәлихановтың түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен мәдениетіне қатысты зерттеулері, рухани-мәдени сабақтастық пен ұлттық құндылықтар, сондай-ақ оның еңбектерін білім беру үдерісіне енгізу мәселелері қарастырылды.

Конференция қорытындысы бойынша, Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын жүйелеп жариялау, халықаралық жобалар ұйымдастыру және оны білім беру жүйесіне кеңінен енгізу ұсынылды.

Бұл конференция – ғылыми пікір алмасудың ғана емес, сонымен қатар ұлттық тарих пен рухани мұраға деген терең құрметтің айқын көрінісі. Академия ұжымы алдағы уақытта да осындай игі бастамалар арқылы ғылым мен білімнің дамуына, тарихи сананың жаңғыруына өз үлесін қоса бермек.

 

Сотрудничество