Корея спорттық ғылымы институты ғалымдарының жаһандық дәрістері

2024 жылдың 14 қазанында ЮНЕСКО бағдарламасы аясында Корея спорттық ғылымы институты (бұдан әрі – KISS) ғалымдарының жаһандық дәрістерінің бірінші күні өтті. Іс-шараның салтанатты бөлігінде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі С.М. Жарасбаев,   KISS Президенті, SONG Kanyoung мырза, APEMS ректоры Б.А. Дукетаев, сондай-ақ ҚР Ұлттық Олимпиада Комитетінің Бас директоры Н.Н. Ногербек  құттықтау сөз сөйледі.

Дәріс курсының тыңдаушылары ретінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының, дене шынықтыру, спорт саласындағы мемлекеттік және жеке ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада және Паралимпиада комитеттерінің басшылары мен қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, спорттық медицина, адаптивті спорт, спорттық психология саласындағы мамандар, APEMS оқытушылары қатысты.

Аға ғылыми қызметкер CHO Hyunjoo ЮНЕСКО кафедрасының қызметі және Fit for Life бағдарламасы туралы айтып берді. PhD докторы JEONG Jaehyeong Корей спортын насихаттау қоры қызметінің негізгі бағыттары және Корея Республикасындағы спортты дамыту жобалары туралы баяндады.                KISS жетекші ғалымы PARK Sangheon мырза жоғары білікті спортшылардың спорттық қызметін сүйемелдеу бойынша мазмұнды дәріс өткізді, Париждегі Олимпиада ойындарына дайындық кезіндегі Корея ұлттық құрамасымен жүргізілген KISS жұмысын көрсетті. Ғалым LEE Wanyoung «Халықтың дене белсенділігі және спорт қоғамдастығы» деген ауқымды дәрісі аясында халықты спортпен шұғылдануға тарту үшін Корея Республикасының қалаларын дамыту жөніндегі ұлттық саясатты әзірлеу және оны жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті.

Бірінші күннің соңында сұрақ-жауап сессиясы өткізілді. Тыңдаушылар корей ғалымдарының баяндамалары өзекті болғанын және KISS ғалымдары қатысушылармен қуана бөліскен тәжірибесінің мазмұнды екенін атап өтті.

Сотрудничество