2025 жылғы 30 қазанда Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында (APEMS) «Qazaq Aquatics» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі Меморандумға қол қою және маңызды кездесу өтті.
Кездесуге Федерацияның бас хатшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, атқарушы директор Асель Орынбасарова және APEMS ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева қатысты.
Іс-шара барысында Федерация жаттықтырушылары, спортшылары мен спорт менеджерлеріне арналған білім беру және біліктілік бағдарламаларын дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар кездесуге Франциядағы Eklore-ED School of Management стратегиялық серіктестері — DBA бағдарламасының директоры, профессор Фредерик Доскэ және Улисс Уврьё қатысты. Тараптар халықаралық ынтымақтастық, шетелдік тағылымдамалар және әлемдік стандарттарға сай екі дипломды бағдарламаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Меморандумға қол қою Қазақстандағы спорттық білім беруді дамыту мен халықаралық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болып, дене шынықтыру және спорт саласындағы жас мамандар мен кәсіби кадрлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.














