Халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды

2025 жылғы 12 маусымда дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған Халықаралық Жазғы мектеп аясында білім беру және спорт саласындағы қазақстандық және корей ұйымдары арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті.

Қол қойылған құжаттар екіжақты ғылыми және білім беру ынтымақтастығын дамытуға, дене шынықтыру және спорт саласында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ педагогтердің біліктілігін арттыру мен мектептегі дене шынықтыруды оқытуда инновациялық тәсілдерді енгізуге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға Дене шынықтыру және бұқаралық спорт Академиясы (Қазақстан Республикасы) мен Корея спорт ғылымдары институты (Корея Республикасы), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен Корея спорт ғылымдары институты арасында қол қойылды.

Аталған құжат тараптардың ғылым, білім беру және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға деген ниетін бекітеді. Меморандум бірлескен бастамаларды іске асыруға, ғылыми біліммен алмасуға, тағылымдамалар, шеберлік сабақтары, конференциялар мен басқа да кәсіби іс-шараларды өткізуге бағытталған. Бұл шаралар дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Қол қойылған меморандумдар Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы ғылыми, білім беру және спорттық байланыстарды жаңа деңгейге шығарудағы маңызды қадам болды. Бірлескен бастамалардың табысты жүзеге асырылуын, өзара тиімді тәжірибе алмасуды және салауатты өмір салтының құндылықтарын насихаттауға бағытталған тұрақты әріптестік тілейміз.

 

Сотрудничество