ЕРЖАН ШАКЕНОВҚА ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР ДИПЛОМЫ ТАБЫСТАЛДЫ

ҚР шахматты дамытудың 2023-2027 ж. арналған кешенді жоспарын іске асыру аясында жыл сайын кемінде 500 шахмат мұғалімін даярлау және кемінде 50 жаттықтырушының біліктілігін арттыру жоспарланды. Қазіргі уақытта Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ҚР Шахмат федерациясымен бірлесе отырып 6В01403 «Үстел спорт түрлері бойынша педагог - жаттықтырушы (шахмат)» 3 жылдық оқу мерзімімен бакалавриаттың инновациялық білім беру бағдарламасын әзірлеп, оқытуды жүргізуде.

Бағдарламаны әзірлеуге Ержан Шәкенов – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық төреші, ФИДЕ шебері және жаттықтырушысы, «АСТАНА» орталық шахмат клубының атқарушы директоры ерекше үлес қосты. Ержан 2 гроссмейстер, 7 шебер және 30-дан астам спорт шеберіне үміткерлерді, соның ішінде әлем және Азия чемпиондары мен жүлдегерлері, Қазақстан чемпиондары, Меруерт Камалиденова, Қазыбек Нөгербек, Әмина Қайырбекова, Қожахметов Сұлтан сияқты халықаралық турнирлердің жүлдегерлері мен жеңімпаздарын дайындады.

Шахматты дамытуға қосқан үлесі үшін Ержан Шәкеновке Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ атағы берілді. Біз Ержан Жақсылықұлын осы лайықты жетістігімен құттықтап, шахматты халықаралық деңгейде дамытуда жаңа табыстарды тілейміз.

Сотрудничество