Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы (APEMS) делегациясы Қазақстандағы Бразилия Федеративтік Республикасының Елшілігіне барып, Елші Марсел Биато және елші кеңесшісі Лилиан Дуарте ханыммен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты — спорттық білім беруді дамыту мен танымал етуді көздейтін ресми ынтымақтастық орнату болды.
Елшіліктің қолдауымен Академия бразилиялық университеттермен тығыз байланыс орнатуды, Қазақстан мен Бразилия ЖОО-лары арасында академиялық алмасулар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ынтымақтастық аясында Академияда бразилиялық жетекші жаттықтырушылар мен мамандардың шеберлік сыныптары мен семинарларын өткізу көзделіп отыр, бұл бразилиялық джиу-джитсу және футбол сияқты спорт түрлері бойынша білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қазақстанда бразилиялық мәдениет пен спортты насихаттауға бағытталған бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Мұндай ынтымақтастық спорттық білім беруді дамытуға және Қазақстан мен Бразилия арасындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.