Жаңа ынтымақтастық форматына Қытай, Ресей, Беларусь, Оңтүстік Корея, Гонконг, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Жапонияның жетекші 22 спорт университеті мен ұлттық федерациялары кірді.
Біздің университет Альянстың теңқұрушысының бірі болып, Қазақстан Республикасын халықаралық аренада лайықты таныстырды және қысқы спорт түрлері саласындағы ғылымды, инновацияларды және мамандар даярлауды дамытуға елеулі үлес қосты. Альянсқа қосылу университетке және серіктес елдерге ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктерін ашты.
Жаңа бірлестік аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, академиялық мобильділікті дамыту, халықаралық зерттеу жобаларын, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған семинарларды өткізу, сондай-ақ студенттік жарыстар ұйымдастыру жоспарлануда. Ерекше назар спорттық ғылымды ілгерілетуге, инновацияларды енгізуге және қысқы спорт бағыттарындағы ғылыми мектептерді нығайтуға бағытталған бірлескен ғылыми конференциялар мен форумдарды өткізуге аударылады.
Альянстың маңызды бағыттарының бірі — Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге бағытталған бастамаларды дамыту. Бұл жерде спорт халықтың денсаулығын нығайтудың, қоғамды тартудың және тұрақты әлеуметтік орта қалыптастырудың тиімді құралы ретінде қарастырылады. Альянс мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын дамыту, кәсіби қайта даярлау бағыттарын кеңейту, соның ішінде спорттық реабилитация мен қалпына келтіру технологиялары саласын дамыту бойынша жұмыс істейді.
Ғылыми және білім беру жобаларымен қатар, қысқы спорт индустриясындағы заманауи шешімдерді ілгерілетуге, тәжірибе алмасуды нығайтуға мүмкіндік беретін спорттық инновациялар, жабдықтар мен технологиялардың халықаралық көрмелері мен презентацияларын ұйымдастыру көзделген.
Альянстың құрылуы жаһандық интеграцияға, халықаралық серіктестікті нығайтуға және қысқы спорт түрлерін дамытудың жаңа халықаралық стандарттарын қалыптастыруға жасалған маңызды қадам болды.














