Әдістемелік семинардың мақсаты – инклюзивті білім берудің мазмұнын тереңірек түсіну, академияда қолайлы, қолжетімді және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру жолдарымен танысу, инновациялық технологиялардың оқыту сапасына қалай әсер ететінін талқылау, тәжірибе алмасу және практикалық шешімдер ұсыну.
Семинарды Академиялық және тәрбие істер жөніндегі проректор, PhD, қауымдастырылған профессор Х.Н. Касенов ашты. Іс-шараға арнайы қонақ ретінде шақырылған п.ғ.д., профессор Ғ.М. Кертаева «Педагогикалық этика мен деонтология: ХХІ ғасырдағы академиялық ортаның талабы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Семинардың бірінші күнінде PhD, профессор Ж.Б. Кенжин «ЖОО инклюзивті білім беру саясаты: академиялық және әлеуметтік қолдаудың ролі», PhD, сеньор-лектор А.А. Ташетов «Медиа-құралдар – қоғамдық тәрбиенің қайнар көзі», сеньор-лекторлар К.У. Нигметов, Н.Б. Есимова «ЖИ шығармашылық оқыту құралы ретінде: тапсырмалар, жобалар мен презентациялар дизайны» тақырыптарындағы баяндамалары арқылы өздерінің педагогикалық тәжірибелерімен, тиімді әдістемелік тәсілдерімен және практикалық кейстерімен бөлісті.
Психолог А.А. Аженов стрессті басқару және эмоционалдық тұрақтылықты дамыту бойынша мазмұнды, әрі пайдалы тренинг ұйымдастырды.
Семинардың екінші күнінің бағдарламасына сәйкес, PhD, қауымдастырылған профессорлар М.З. Сейдина «Болашақ денешынықтыру және спорт педагогтерін даярлаудағы инклюзивті білім беру мәселелері», А.Дәлелбекқызы «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудағы инновациялық технологиялар», Д.Е.Туржанова «Спорттық биомеханикада жасанды интеллекті қолданудың заманауи бағыттары» мен сеньор-лекторлар Ж.Ж.Төлегенова мен А.М. Искакова «Инклюзивті білім берудегі инновациялық тәсіл» білім беру үдерісіндегі инновациялық және инклюзивті тәсілдерге арналған мазмұнды баяндамаларын ұсынды. Қорғалған баяндамалар төңірегінде семинарға қатысушылар оқыту сапасын арттырудың тиімді жолдарын және білім алушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді талқылай отырып, идеялармен және практикалық тәжірибелерімен алмасты.
Психолог А.А.Ташетов командалық өзара әрекеттестікті нығайтуға, soft skills дағдыларын дамытуға және бірыңғай кәсіби орта қалыптастыруға бағытталған мотивациялық тренинг ұйымдастырды.
Іс-шара соңында баяндамашылар академиялық мәдениеттің және оқу-әдістемелік жұмыстың дамуына қосқан елеулі үлестері үшін алғыс хаттармен марапатталды.
Ұйымдастырылған әдістемелік семинар профессор-оқытушылар құрамының кәсіби тұрғыдан өсулеріне, педагогикалық тәсілдерді жаңартуға және Академиядағы заманауи білім беру тәжірибелерін ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналды.














