2025 жылдың 15-17 қазан аралығында Астанада Qazaq kuresi бойынша жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған біліктілікті арттыру курсы өтті. Курс Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы мен Қазақ күресі қауымдастығының бірлескен ұйымдастыруымен өтті. Бағдарламаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 70-тен астам маман қатысты. Оқыту кәсіби дағдыларды жетілдіруге, білім деңгейін арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталды.
Курстың қорытынды күні «Qazaq kuresi бапкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру: заңнама, психология, реабилитация және алғашқы көмек негіздері» тақырыбындағы тәжірибелік дәріспен жалғасты. «Атлант» ортопедиялық және спорттық реабилитация орталығының реабилитолог-дәрігері Максат Ботанбай «Жарақаттан кейінгі оңалту жаттығулары арқылы спортшыны қалпына келтіру жолдары» тақырыбында мазмұнды сабақ өткізді.
Академияның алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету (ПДП) бойынша сертификатталған нұсқаушылары — Даулет Әзербаев, Қанат Нығметов және Бауыржан Сұлтанов — спорттық жарыстар кезінде жарақат алған спортшыларға алғашқы көмек көрсету әдістерін үйретті. Академияның сеньор-лекторы Даулет Әзербаев Qazaq kuresi-індегі қауіпсіздік ережелері бойынша баяндама жасап, кәсіби бейнематериалдар ұсынды және жаңа әдістемелік талаптар мен ережелердегі өзгерістерді түсіндірді.
Курс бағдарламасы келесі негізгі бағыттарды қамтыды:
- Спорт туралы заң және нормативтік құжаттар;
- Спорттық реабилитация;
- Спорт психологиясы;
- Спорттық биомеханика;
- Qazaq kures қауіпсіздік шаралары;
- Оқыту және төрешілік әдістемесі;
- Qazaq kures ережелеріндегі жаңартулар.
Қатысушылар қазақ күресін дамытудың өзекті бағыттарын талқылап, тәжірибе алмасты және жаңа практикалық білім алды. Курстың соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Бұл курс Qazaq kuresi саласындағы жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби өсуіне және ұлттық спорттың дамуы мен танымалдылығын арттыруға зор үлес қосқан маңызды бастама болды.














