2025 жылғы 3 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Менің Конституциям» тақырыбында викторина-турнир ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – Ата Заңымыздың мәні мен маңызын терең түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және профессорлық-оқытушылық құрам арасында патриоттық рухты нығайту болды.
Іс-шараны ашқан гуманитарлық ғылымдар магистрі, сеньор-лектор Смагулов Даурен Сайлаубаевич кіріспе сөз сөйлеп, әріптестерін мерекемен құттықтады. Сонымен қатар ол «Қазақстан Конституциясына 30 жыл: Тәуелсіздіктің берік тірегі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, еліміздің негізгі заңын қабылдаудың тарихи алғышарттарын, Ата Заңда бекітілген басты қағидаттарды және тәуелсіздік жылдарындағы конституциялық реформалардың маңызын жан-жақты атап өтті.
Одан әрі «Менің Конституциям» тақырыбындағы викторина-турнирді PhD, сеньор-лектор Касымова Ксения Булатовна мен PhD, сеньор-лектор Ташкараева Асель Мухтаровна өткізді. Танымдық-тартымды сұрақтар еліміздің тарихи дамуы барысындағы дәстүрлі құқықтық салттарды, Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық нормативтік актілерін және спорт саласындағы заңнамаларды қамтыды.
Турнирге қатысқан профессорлық-оқытушылық құрам белсенділік танытып, өз білімдерін ортаға салды. Іс-шара барша қатысушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды болып, Конституциямыздың қоғамдағы орны мен маңызын тағы да айқындап берді.
Қорытындылай келе, Конституция күніне арналған бұл шара қатысушыларға терең тарихи білім мен құқықтық мәдениетті дарытып қана қоймай, ұжымдық бірлік пен патриоттық сезімді нығайтуға зор үлес қосты.