Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының (APEMS) Executive MBA Sport Management бағдарламасының тыңдаушылары – спорт федерацияларының, облыстық спорт басқармаларының, ұлттық құрамалардың және саланың өзге де маңызды ұйымдарының басшылары – Польша мен Швецияда ауқымды халықаралық тағылымдамадан өтті.
Бағдарлама Польшадағы Быдгощ қаласындағы Экономика институтымен бірлесіп жүзеге асырылады және Eklore-ed School of Management (Франция) оқу орнынан қос диплом алуды көздейді.
Делегация құрамында – Сейтжан Кенжегүл Социалұлы, паралимпиадалық спортшы, ҚР Паравелоспорт федерациясының президенті, қазақстандық қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты.
Бағдарлама IV буындағы университеттердің тәжірибесін, цифрлық трансформацияны, спорттық инфрақұрылымды басқаруды, инклюзивті және бұқаралық спортты дамыту мәселелерін қамтыды.
Варшавада қатысушылар Олимпиада ойындарының басты IT-серіктесі – ATOS компаниясымен кездесті. Кездесу барысында спортты цифрландыру, IT-инфрақұрылымды басқару және білім беру бағдарламаларын цифрлық ортаға интеграциялау мәселелері талқыланды. Ерекше сәттердің бірі – тыңдаушылардың Нидерландтағы мұражайдан әкелінген түпнұсқа паралимпиадалық алауды қолына ұстауы болды.
Быдгощ қаласында воевода Михаэль Конюх және білім мен спорт жөніндегі кеңесші Лукаш Мацейякпен кездесу өтті. Кездесуде Қазақстан мен Польша арасындағы спорттық білім беру, кадр даярлау және жастар саясаты салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Алынған білім мен байланыстар Қазақстанда инновацияларды енгізуге, басқару тиімділігін арттыруға және спорт саласын дамытуға негіз болады.