2025 жылғы 1 қарашада Францияның Éklore School of Management университетімен бірлесіп жүзеге асырылатын қос дипломды EMBA Sport Management бағдарламасының тыңдаушыларымен танысу кездесуі өтті.
Іс-шараға Éklore-ed бизнес бағдарламаларының директоры, профессор Фредерик Доскэ және халықаралық серіктестік жөніндегі менеджер Улисс Уврьё қатысып, оқыту құрылымын, білім беру траекториясын және тыңдаушыларға арналған кәсіби даму мүмкіндіктерін таныстырды.
Бағдарламаны Қазақстанның спорт саласындағы жетекшілері мен топ-менеджерлері таңдады. Магистранттардың қатарында — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Сейтжан Кенжегүл, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі мен Ағарту министрлігінің өкілдері бар. Бұл бағдарламаға деген жоғары сенім мен оның беделін айғақтайды.
Кездесу барысында тыңдаушылар Éklore School of Management өкілдерімен танысып, бағдарламаға қабылданғанын растайтын ресми Acceptance Letter құжаттарын алды. Бизнес-таңғы ас аясында тараптар халықаралық серіктестіктің болашақ бағыттары мен бірлескен білім беру бастамаларын талқылады.
Бағдарлама қатысушыларының қатарында спорт федерацияларының өкілдері, мемлекеттік және жекеменшік құрылымдардың басшылары, олимпиадалық резерв мектептерінің директорлары, жаттықтырушылар және кәсіпкерлер бар.
Бағдарламаның іске қосылуы Қазақстанның академиялық және спорттық қауымдастығы үшін маңызды оқиғаға айналып, халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңін және жаһандық деңгейде спортты стратегиялық тұрғыдан дамыта алатын жаңа буын көшбасшыларын даярлаудың бастауын білдірді.
Бұл — тек бастамасы. Бұл Қазақстанның жаңа буын спорт менеджерлерін қалыптастыру жолындағы үлкен тарихтың бастауы.














