2025 жылғы 30 шілдеде Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының (APEMS) EMBA Sport Management бағдарламасының тыңдаушылары Олимпиада ойындарының басты IT серіктесі — халықаралық ATOS компаниясымен кездесті.
Кездесу барысында спортты цифрлық трансформациялау, IT-инфрақұрылымды басқару, заманауи технологияларды енгізу және білім беру жүйесін цифрлық ортаға интеграциялау мәселелері талқыланды. ATOS өкілдері өздерінің ірі халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесін және инновациялық шешімдерін таныстырды.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі — қатысушылардың Қытайда өткен Паралимпиада ойындарының түпнұсқа алауын қолмен ұстау мүмкіндігі болды. Бұл тарихи жәдігер арнайы APEMS делегациясы үшін Нидерландыдағы музейден жеткізілді.
Бұл кездесу тыңдаушылар үшін әлемдік деңгейдегі IT-компаниялардың спорт индустриясындағы рөлімен танысуға, заманауи технологиялардың спорт инфрақұрылымын дамытудағы маңызын түсінуге және халықаралық серіктестік байланыстарын нығайтуға зор мүмкіндік берді.